2015 жылғы 31 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 және «Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 296 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 20-21, 152-құжат):
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:»;
2) «Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 296 қаулысында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы»;
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 3) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоса беріліп отырған Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№1164 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі
№296 қаулысымен бекітілген
Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары
1. Осы Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг Заңның 19-2-бабына сәйкес мыналарға:
1) азық-түлік тауарлары өндірісінің көлеміне, олардың тауар қозғалысына және қорларының болуына;
2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының қалыптастырылуына, болуына және пайдаланылуына;
3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жүргізіледі.
3. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген бағыттарды ескере отырып, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі көрсеткіштерінің тізбесі (бұдан әрі – көрсеткіштер тізбесі) бойынша жүргізіледі.
Көрсеткіштер тізбесі осы Қағидалардың 2-тармағында мыналарға:
1) 1-ден 3-ке дейін – азық-түлік тауарлары өндірісінің көлеміне;
2) 4-тен 27-ге дейін – азық-түлік тауарлары қозғалысына;
3) 28-ден 32-ге дейін – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына;
4) 33-тен 35-ке дейін – азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының қалыптастырылуына, болуына және пайдаланылуына;
5) 36 – азық-түлік тауарлары қорларының болуына қатысты көзделген азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторингтің бағыттарын қамтиды.
4. 1-ден 31-ге дейінгі көрсеткіштерді есептеу Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ ФАО) әдіснамасы бойынша, 32-ден 35-ге дейінгілер – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ведомствосының әдіснамалары бойынша, 36 көрсеткіш бойынша – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы, шаруа немесе фермер қожалықтарындағы, астық қабылдау пункттері мен элеваторлардағы, сауда орындарындағы азық-түлік тауарларының қалдығын жиынтықтау жолымен жүзеге асырылады.
5. 4-тармаққа сәйкес 1-ден 35-ке дейінгі көрсеткіштерді есептеуді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы, 36 көрсеткіш бойынша – жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.
6. Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы қолда бар ресми статистикалық ақпараттың, сондай-ақ әкімшілік деректер мен халықаралық ұйымдардың деректері негізінде қалыптасқан 1-ден 35-ке дейінгі көрсеткіштер бойынша деректерді өзінің интернет-ресурсында жыл сайын жылдың қорытындысы бойынша бірінші тоқсанның соңына дейін, сондай-ақ олардың келіп түсуіне қарай орналастырады.
Аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан, шаруа немесе фермер қожалықтарынан, астық қабылдау пункттері мен элеваторлардан, сауда орындарынан деректер жинауды жүзеге асырады және жыл сайын, жылдың қорытындысы бойынша бірінші тоқсанның соңына дейін күнтізбелік 15 күн бұрын 32 көрсеткіш бойынша оларды облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға ұсынады.
Облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар облыстағы (астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы) азық-түлік тауарлары қалдығының көлемі туралы ақпаратты бірінші тоқсанның соңына дейін күнтізбелік 10 күн бұрын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынады.
7. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторингті жергілікті атқарушы органдардың және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ведомствосының деректері негізінде, оның ішінде нақты уақыт режимінде уәкілетті орган жүргізеді.
8. Уәкілетті орган жыл сайын БҰҰ ФАО және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы көрсеткіштер тізбесі бойынша деректерді өздерінің интернет-ресурстарында жариялағаннан кейін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар азық-түлік тауарлары қорларының бар-жоғы туралы ақпаратты ұсынғаннан кейін бір ай ішінде азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне талдау жүргізеді.
9. Талдау Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін мониторингтеу көрсеткіштерін өзге елдердің БҰҰ ФАО есептейтін ұқсас көрсеткіштерімен салыстырып тексеру жолымен жүргізіледі.
10. Талдау нәтижесі Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (бұдан әрі – ДЭФ ЖБИ) рейтингісіндегі дамыған 30 елден артта қалуын анықтау болып табылады.
11. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін талдау нәтижелерінің негізінде уәкілетті орган өзінің электрондық интернет-ресурсында оларды орналастыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастырады.
12. Уәкілетті орган талдаудың негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының ДЭФ ЖБИ рейтингісіндегі дамыған 30 елден артта қалуы бойынша көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі ұсыныстарды жібереді.
Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидаларына қосымша
Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі көрсеткіштерінің тізбесі
Р/с
№ Көрсеткіш
1 2
1. Жалпы егістік алқаптарынан суару үшін жарамды егістік жерлердің үлесі, %
2. Халықтың жан басына шаққандағы азық-түлік өндірісінің орташа мәні, бір адамға АҚШ долларымен
3. Халықтың жан басына шаққанда тамақ өнімдері өндірісінің өзгергіштігі, бір адамға мың АҚШ долларымен
4. Жолдардың жалпы ұзындығынан қатты жабынды жолдардың үлесі, барлық жолдардан %
5. Автожолдардың тығыздығы, 100 шаршы километр алаңға
6. Темір жолдардың тығыздығы, 100 шаршы километр алаңға
7. Жалпы халық саны бойынша қалыпқа келтірілген азық-түлікті тұтынудың қалыпты деңгейі жоқ халықтың белгілі бір бөлігінің жеткілікті тамақтанбауы, күніне бір адамға ккал
8. Экономикалық белсенділігіне әсер етуі мүмкін жеткілікті тамақтанбаудың қауіпті аймағындағы халықтың үлесі, %
9. Нарықтағы қолжетімді жалпы дәнді дақылдар көлеміндегі дәнді дақылдар импортының үлесі %
10. Саяси тұрақтылық және зорлық-зомбылықтың/терроризмнің болмауы индексі, индекс
11. Халықтың жан басына шаққанда азық-түлік жеткізілімдерінің өзгергіштігі, күніне бір адамға ккал
12. Тамақтанудың орташа энергетикалық құндылығындағы тамақтанудың энергетикалық құндылығының үлесі, %
13. Тамақтанудың энергетикалық құндылығының жалпы көлемінде дәнді дақылдардан, тамыржемістілер мен түйнекжемістілерден алынатын тамақтанудың энергетикалық құндылығының үлесі, %
14. Ақуыздың орташа тұтынылуы, күніне бір адамға грамм
15. Жануарлардан алынатын ақуыздың орташа тұтынылуы, күніне бір адамға грамм
16. Жалпы халық санынан тойып тамақтанбау (аштық) қаупі бар аймақтағы халықтың үлесі, %
17. 5 жасқа дейінгі жүдеу балалардың пайызы, %
18. Өсуі жағынан артта қалған 5 жасқа дейінгі балалардың пайызы, %
19. Салмағы жеткіліксіз 5 жасқа дейінгі балалардың пайызы, %
20. Салмағы жеткіліксіз ересектердін пайызы, %
21. Жүкті әйелдер арасында қаназдықтың таралуы, %
22. 5 жасқа дейінгі балаларда қаназдықтың таралуы, %
23. Халық арасында А дәрумені тапшылығының таралуы, %
24. Халық арасында йод тапшылығының таралуы, %
25. Жақсартылған су көздеріне қолжетімділік, халық санының %-ы
26. Жақсартылған санитариялық-техникалық құрылыстарға қолжетімділік, халық санының %-ы
27. Азық-түлік импорты құнының барлық тауарлар экспорты құнының жалпы көлеміне арақатынасы, %
28. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (сатып алу қабілетіне баламада), бір адамға АҚШ долларымен
29. Отандық азық-түлік бағаларының индексі, индекс
30. Халықтың ең кедей бөлігінің азық-түлікке арналған шығыстарының үлесі, %
31. Тамақ өнімдеріне ішкі бағалардың құбылмалылығы, индекс
32. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі
33. Өңірлік тұрақтандыру қорларына азық-түлік тауарларын сатып алу көлемі, тонна
34. Өңірлік тұрақтандыру қорларынан азық-түлік тауарларын өткізу көлемі, тонна
35. Өңірлік тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарлары қалдығының көлемі, тонна
36. Азық-түлік тауарлары қалдығының көлемі, тонна